Электронды қызмет көрсетуді өңірдегі білім саласы тиімді пайдаланып келеді.

 

Мектепке дейінгі ұйымдар да қағазбастылықтан арылып, цифрлы жүйені оңтайлы жүзеге асыруда. Мәселен балабақша кезегі, оның жылжуы, жолдама беру жұмысын жинақтайтын ақпараттық орталық жасақталды. Осыған орай Құрманғазы аудандық білім бөлімі «Мектепке дейінгі балалар ұйымдарына кезектілікті қалыптастыру мен оның қызметін және жолдамаларды беру процесін автоматтандыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар туралы»  Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылға 4-шілдедегі №337 бұйрығын негізге ала отырып, 2018 жылдың қыркүйек айынан бастап аудан көлемінде  21 балабақшаның автоматтандыру жүйесіне қосылғандығын хабарлайды.

Балабақшаға баланы электронды түрде орнату жүйесі арқылы, ата-аналарға мағлұматты бір тізімде көру және салыстыру арқылы ең тиімділеріне өтініштерін электронды түрде беруге және бақылауға болады. Сонымен қатар, ата-аналарға балаларын тұрғылықты тіркелу мекен-жайына тәуелсіз түрде, үйде отырып-ақ, еш делдалсыз баланы кезекке тұрғызып, жолдама ала алады.

  1. Баланы кезекке қою үшін:
  • http://garden.kurmangazy.atyrau.gov.kz сайтына кіру керек. Сайтқа тіркелген барлық балабақшалардың паспорттарымен танысып, ыңғайлы балабақшаны таңдауыңызға болады. Жүйеде жалпы балабақша туралы барлық мәлімет, балалар саны, топтар саны, жасы бойынша бос орын саны, қызметкерлердің саны барлығы көрсетілген. 

 

 

  • «Кезекке тұру» деген сілтеме арқылы өтіп, балабақшаға орналасу үшін баланы ЖСН-і арқылы кезекке тіркеп қояды. Тіркеу кезінде балаға тиесілі мәліметтерді толтырып, ата-ананың екі телефон номері мен электронды поштасын қалдыруы тиіс. Көрсетілген электронды пош­таға және телефон нөміріне кезектің келгендігі туралы хабарлама жіберіледі. Бұл өз кезегінде ата ана мен білім беру ұйымдары үшін тиімді. Тіркеп болған соң, қажетті балабақшадан бос орын ашылған жағдайда мәлімет алу үшін «хабарлама алу» тетігінен балабақшаны таңдауды ұмытпаңыз.
  1. Кезекте бұрыннан тұрған баланың кезегін қарау үшін:

«Кезекті тексеру және жолдама алу» сілтемесіне өтіп, балаңыздың ЖСН-і арқылы кезегіңізді тексеруге болады.

Егер, сізге электронды поштаға немесе телефонға кезегіңіздің келгендігі жөнінде хабарлама келіп тұрса, сол сілтемеден жолдамаңызды шығарып алуыңызға болады.

 

  1. Балабақшаға орналасу үшін кім жеңілдік алуға мүмкіншілігі бар

 

Алдын ала орын алуға құқылы:

  • заңды өкілдері зағип боп табылатын балалар;
  • ата-аналарының қамқорлығысыз қалған балалар;
  • жетім балалар;
  • көпбалалы отбасынан шыққан балалар;
  • зағип балалар.

Кезексіз орын алуға құқылы:

  • әскери қызметтегі, оның ішінде қызметін атқару кезінде қаза тапкан, қайтыс болған немесе хабарсыз жоғалғандардың балалары;
  • арнайы мемлекеттік органдардың, оның ішіндегі қызметін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабарсыз жоғалғандардың балалары;

Ескерту: Егер Сіз немесе Сіздің балаңыз жеңілдік алатын топқа жататын болсаңыз, онда жеңілдік түрін дәлелдейтін құжатыңызды алып, аудандық білім бөліміне келіп, тіркелуіңіз қажет.


Бұл жүйенің бір ерекшелігі бар:

Егер балабақшада  мысалы, 5 орын босаған жағдайда, босаған орын санына қарай кезектің басында тұрған, сол балабақшаны таңдаған  5 ата-анаға хабарлама жіберіледі. Егер сол ата-аналар 3 күн мерзімде жолдамасын алып үлгермесе, сол балабақшада жасына сәйкес кезекте тұрған ата-аналардың барлығына да жолдама алу мүмкіндігі туады. Сондықтан, егер Сізге кезегіңіз келгендігі жөнінде хабарлама келсе, міндетті түрде кешікпей балабақшаға хабарласуыңыз сұралады. Ешбір балабақша да , білім бөлімі де ата-ананың өзі жолдама алмайынша, балабақшаға бала орналастыра алмайды.  Бұл өз кезегінде, сыбайлас жемқорлықтың орын алуына жол бермейді.

 

         Бұрыннан кезекте тұрған ата-аналарға ескерту:

 

http://garden.kurmangazy.atyrau.gov.kz  сайтына кіріп, балаңыздың ЖСН номері арқылы телефон номерлеріңіз бен  балабақшаларыңызды тексеріп, қажет болса түзету енгізулеріңіз сұралады.

                              

 

Нұргүл Әмірғалиева, Құрманғазы аудандық білім бөлімінің ақпараттық технологиялар жөніндегі әдіскері