Құрманғазы ауданы бойынша «Жалпы білім беретін мектептерде білім алушыларды ыстық тамақпен қамту шаралары» туралы
Атырау облысы Білім беру басқармасының Құрманғазы ауданы білім бөліміне қарасты 32 орта мектеп, 1 мектеп интернаты жұмыс жасайды.
Аудан көлеміндегі мектептер асхана жүйесімен қамтылған. Оның ішінде 25 мектепте типтік үлгідегі асхана, 8 мектепте ыңғайластырылған асханалар.
Мектептерде ыстық тамақтың берілуі «Орта білім беру ұйымдарында білім алушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдарда, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балаларды тамақтандыруды қамтамасыз етумен байланысты тауарларды сатып алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығына, «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 16 тамыздағы №611 бұйрығына сәйкес ұйымдастырылып, жүзеге асырылуда.
Білім бөліміне қарасты 32 мектептің ішінен 29 мектептің асханасын 7 жеке кәсіпкер жалға алып білім алушыларға ыстық тамақ ұйымдастырып отырса, ал 3 мектептің директорлары аспазшы арқылы оқушыларға ыстық тамақтың берілуін ұйымдастырып, жүзеге асыруда.
Білім беру ұйымдарына шикізат, азық-түліктерді тасымалдаушы жеке кәсіпкерлерге ветеринариялық дәрігердің берген шикізаттан жасалған немесе ет өнімдеріне алған ветеринариялық–санитариялық сараптаудан өткен анықтамалары, «Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар» санитарлық қағидасына сәйкес Құрманғазы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан берілген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындылары бар.
2020-2021 оқу жылында 32 мектепте барлығы 10520 оқушы білім алып отыр. Оның ішінде 2020-2021 оқу жылының наурыз айынан бастап 1-4 сыныптарта оқитын барлығы 4254 оқушы және 5-11 сыныптардан әлеуметтік қорғалмаған білім алушылар мен күнкөрісі төмен отбасынан шыққан 440 оқушы, барлығы 4694 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылып отыр.
Аз қамтылған отбасындағы оқушыларға бір мезгіл тегін тамақтану ақшасы 300 теңге.
Ал мектеп интернатында білім алушыларға 5 мезгіл тамақ ұйымдастырылады.
Ыстық тамақтың берілуі нормативтік құжаттарға сәйкес жүргізіледі.
Білім беру ұйымдарында оқу жылының басында бұйрықпен жауапты мамандар тағайындалып, жылдық жоспар бойынша жұмыстар атқарылуда.
Тегін ыстық тамақпен қамтылатын оқушылардың тізімі анықталып, бұйрықпен бекітіледі. Орта білім беру ұйымдарында тамақтандыруға жауапты, сынып жетекшілердің, педагогтердің оқушыларды асхана бөлмесіне алып жүруін қамтамасыз етеді.
Аспазшы, мектеп медбикесі күн сайын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес дайын өнімнің тәуліктік сынамасын алуды жүзеге асырады.
Аудан көлеміндегі білім беру мекемелерінде «Мектептік тамақтандыру» айдары ашылып, тамақтану сапасын бақылау бойынша атқарылған іс шаралар білім беру мекемелерінің интернет ресурстарына жарияланды.
Мектептерде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің, Қазақ тағамтану академиясының және Ұлттық салауатты тағамтану орталығының «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стандарттар» жалпы білім беретін ұйымдарда мектеп оқушыларының тағамын ұйымдастыруға арналған 4 апталық ас мәзірінің әдістемелік ұсыныстарын басшылыққа алып, маусымдық ас мәзірі бекітілген. Маусымдық ас мәзіріне сәйкес 1 күндік ас мәзірі бекітіліп, асханада қолжетімді орында орналастырылған.
Мектептерде «Оқушыларды тамақтандырудың сапасына мониторинг жүргізу жөнінде комиссия» құрылып, айына екі рет оқушыларды тамақтандырудың сапасын зерделейді. Комиссия құрамына мектеп басшысы, медбике, әлеуметтік педагог, ата-аналар комитетінің төрайымдары енгізілді. Комиссия құрамы мектепке жеткізілетін тамақ өнімдерінің сапасына, тағамдарды дайындау технологиясына тоңазытқыш-технологиялық жабдықтардың жарамдылығына, өнімдердің және дайын тағамдардың сақтау мерзімдері мен жағдайларының сақталуына мониторинг жүргізіп, мектеп бойынша «Мектептік тамақтандыру» айдарына жариялады.
Асханаларда қол гигиенасын, тәртіп ережелерін сақтау көрнекілік ақпарат құралдары жасақталған. Білім беру ұйымдарында күнделікті тамақ пен ас мәзірін дайындау және оның берілуін қадағалау мектеп медбикесі мен мектеп әкімшілігінен әлеуметтік педагог жауапты болып бекітілді.